Қазақстанда стенд атудан алғашқы Азия кубогы басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысындағы Александр Асанов атындағы ату клубында стенд атудан Азия Кубогы басталды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, аталған сары құрлық додасы елімізде алғаш рет жалауын желбіретіп отыр.
20-30 қыркүйек аралығында өтетін жарысқа құрлықтағы 15 елден таңдаулы 200-ден астам спортшы келді.
Бұл қатарда Қазақстанмен қатар Бахрейн, Үндістан, Иордания, Иран, Қатар, Қытай, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Жапония спортшылары бар.
Сонымен қатар 21-24 қыркүйек аралығында компакт-спортингтен ашық Азия Кубогы өтеді. Онда әлемнің 10 елінен 100-ден астам спортшы жүлдеге таласады: Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Мажарстан, Вьетнам, Латвия, Литва, Ресей.
Жарыстың ресми ашылу салтанаты 21 қыркүйек, сағат 17:30-да А.Асанов атындағы ату кешенінде өтеді.