Қазақстанда су астында қалған үйлер саны 3 412-ге жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш су алған үйлердің санын атады.
Су тасқыны басталғаннан бері азаматтық қорғаныс қызметтері 76 мыңға жуық адамды, оның ішінде 30 мыңға жуық баланы және 45 мүмкіндігі шектеулі азаматты қауіпсіз орынға жеткізді.
«Уақытша паналау бекеттерінде 7 703 адам, оның ішінде 3 266 бала орналастырылды. Төтенше жағдайлар, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның әуе кемелері құтқару жұмысын әлі жүргізіп жатыр. 7 млн 828 мыңнан астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. 1090-нан астам құмқап пен 996,1 мыңнан астам тонна инертті материал төселді», — деді комитет өкілі.
Ерасыл Сайпаштың мәліметі бойынша, тасқыннан құтқару жұмыстарына 16 мыңға жуық адам, 3 мыңға жуық техника, 6 әуе кемесі жұмылдырылған.
«Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында 3 412 жеке тұрғын үй, 421 аула және 1926 саяжай үйі су астында қалып отыр», — деді ТЖМ офицері.