Қазақстанда су басу қаупі туған аймақтардан 11 мыңнан астам адам көшірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда су басу қаупі туындаған аймақтардан он бір мыңнан астам адам көшірілді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мәлім етті.

Қазақстанда су басу қаупі туған аймақтардан 11 мыңнан астам адам көшірілді

Министр орынбасарының айтуынша, «Қагидромет» мекемесінің ақпандағы болжамына сәйкес, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында топырақтың күзгі ылғалы, өзендердегі қар суының қорлары қалыпты нормадан отыз, қырық пайызға асып кеткен. Соған орай, Ішкі істер министрінің «Сел жүру қаупіне қарсы дайындық туралы» бұйрығына сәйкес, ІІМ жедел ден қою бөлімшелеріне қарасты 8561 адам, 1255 бірлік техника, 9 тікұшақ пен 211 бірлік жүзу құралдары шұғыл дайындыққа келтірілген.

Ал наурыз айының 23 - 24 күндері Қарағанды облысы Шет ауданының Босаға бөгетінің бұзылу қаупі туындаған. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің әскери бөлімі 24 наурызда бөгеттің жарылу қаупінің алдын алды.

«Су басу қаупі туындаған елді мекендерде жұртшылықтың құрбан болуына жол бермеу мақсатында 11172 адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Бұдан бөлек, су басқан аймақтардағы үй шатырларынан 25 адам құтқарылды», - деді В. Божко.

Оның сөзіне қарағанда, қауіпсіз аймақтарға көшірілген және құтқарылған адамдар уақытша орналасу пункттеріне және туыстардың үйлеріне жайғастырылған. Көшірілген 11 мыңнан астам адамның 1265 адамы бүгінгі күні үйлеріне қайта оралса, 9907 адам әлі де уақытша пункттерінде қалып отыр.

Сонымен қатар, су басу қаупі туған елді мекендерден 36 мың бас малдар да айдап әкетілген. Су басу қаупі туындаған кезден бері Ішкі істер министрлігі мен жергілікті билік органдары 12 шақырымды құрайтын уақытша бөгеттер тұрғызып, 140,6 мың текшеметр суды басқа арнаға ағызған.