Қазақстанда су ресурстарын қорғауға волонтерлер тартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда су ресурстарын қорғау және үнемдеу жұмыстарына волонтерлерді тарту көзделіп отыр. Осы мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігі Ұлттық волонтерлік желімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Құжатқа Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев пен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты — су нысандарын сақтау, экологиялық волонтерлікті дамыту және халық арасында суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бағытында күш біріктіру. Ынтымақтастық аясында тараптар су ресурстарын қорғауға, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға және су үнемдеу қағидаттарын кеңінен насихаттауға бағытталған бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қазақстан өңірлерінде волонтерлік бастамаларды дамытуға, экологиялық акциялар, білім беру семинарлары мен тренингтер ұйымдастыруға, сондай-ақ волонтерлік саласындағы озық тәжірибелерді таратуға ерекше назар аударылады. Бұдан бөлек, меморандум аясында тәжірибе алмасу, су ресурстарын ұтымды пайдалану қажеттілігі туралы қоғамның хабардарлығын арттыруға бағытталған бірлескен іс-шараларға ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсету көзделген.
— Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен су саласындағы алғашқы волонтерлік қозғалыс — «Болашақтың қайнары» құрылған болатын. Оның құрамына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері енді. Қозғалыс мүшелері Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына қатысып үлгерді. Акция аясында бұлақтарды тазарту және қалпына келтіру, оларға іргелес аумақтарды абаттандыру, қоқыстарды жинау және көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. «Болашақтың қайнары» қозғалысының волонтерлері экологиялық іс-шараларға қатысумен қатар, су үнемдеу мәдениетін насихаттауды және халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды да мақсат етіп отыр. Ұлттық волонтерлік желімен меморандумға қол қою — министрліктің экологиялық волонтерлікті дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы. Бұл құжат Қазақстанның су ресурстарын сақтауға бағытталған бастамаларға қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда 10 жылға созылған он су жобасының құрылысы қайта басталғанын жаздық.