Қазақстанда су тапшылығы 20 пайызды құрайды - Н. Қаппаров
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда қазақстандағы су тапшылығы 20 пайызды құрайды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осылай мәлім етті.
Өз баяндамасында қоршаған ортаны қорғау ведомствосының басшысы Қазақстан экологиясының өзекті мәселелеріне тоқтала келе, оның ішіндегі еліміздің табиғи әлеуетінің жұтаңдануымен байланысты проблемаларға назар аудартты.
«Жердің құнарлылығы, су және биологиялық ресурстар қысқаруда, орман, тау және басқа экожүйелер бұдан әрі азып-тозу үстінде. Тұщы су тапшылығы бүкіл әлемде қарқындап өсуде. Әсіресе, халық санының өсуіне, судың басқа арнаға бұрылуына, сондай-ақ мұздықтардың еруіне, құрғақшылыққа, жердің азып-тозу үдерісінің артуына байланысты Орталық Азия елдерінде сумен қамсыздандыру өзекті проблемаға айналуда. Ал елімізге келетін болсақ, қазіргі таңда Қазақстанда су тапшылығы 20 пайызды құрайды. Бұдан әрі тұтынудың артуына және климат өзгеруіне байланысты су тапшылығы тек арта түспек», - дейді министр.
Н. Қаппаровтың айтуынша, трансшекаралық ағысқа жоғары тәуелділік, гидромелиоративтік жүйенің ескіруі және ауыл шаруашылығы өндірісі құрылымының тұрақсыздығы Қазақстанның оңтүстік аймақтарын сумен қамсыздандыру перспективасына үлкен күмән тудырады.
«Қазіргі таңда Қазақстанда суғармалы су өнімділігі бір текше метр суға 0,4 - 0,8 кг өнім болса, ол дамыған елдерде 2,5 - 8 кг құрайды. Су мен жердің өнімділігін, сондай-ақ өнімнің сапасы мен оның құнын арттыру тетіктерінің бірі органикалық ауыл шаруашылығын дамыту болып табылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда отарлық мал шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту үшін барлық мүмкіндіктер бар. Бұрын қолжетімсіз болған жаңартылатын энергия көздерін қолдану фермерлерге өзін энергиямен және сумен қамсыздандыруға мүмкіндік береді. Бұл тозған жерлердің жағдайын елеулі жақсартуға және пайдаланылмаған жайылымдардың үлкен аумағын қалпына келтіруге және мал басының көбеюіне мүмкіндік береді», - дейді Н. Қаппаров.