Қазақстанда су тасқынына қарсы іс-шараларға қанша қаражат бөлінді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл су тасқынына қарсы іс-шараларға шамамен 160 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл туралы ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рүстембек Әмрин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда су тасқынына қарсы іс-шараларға қанша қаражат бөлінді

«2021-2022 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жол картасын жүзеге асыру аясында шамамен 2 млрд теңге жұмсалды. 2022 жылы арналарды тереңдету, жағалауларды нығайту, гидротехникалық құрылғыларды жөндеу бойынша 68 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Оларға шамамен 160 млрд теңге көзделіп отыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар іс-шара барысында ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин іздеу-құтқару жұмыстарына көмектесетін волонтерлік ұйымдарға ризашылығын білдірді.

«Министрлік 66 волонтерлік ұйыммен жұмыс істейді. Олармен меморандумдарға қол қойылып, іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Өткен жылы олар 570 іздеу-құтқару операциясына қатысты», - деді ол.