Қазақстанда судья болу қиындайды - сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында атап өтілген сот жүйесіндегі жаңа реформалар судьяларға қатысты талаптарды күшейтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қазақстанның Азаматтық Альянсы менеджері, «Еуразиялық сарапшылық кеңесі» қоғамдық қорының президенті Шыңғыс Лепсібаев мәлім етті.
Ұлт жоспарындағы қадамдарда сот төрелегі мәселесіне мән берілгеніне тоқталған ол, «Негізгілерінің бірі судьяларды іріктеу үдерісін жетілдіруге байланысты. Яғни, Қазақстанда судья болуы айтарлықтай қиындай түседі. Бұл - өте маңызды»,-деді.
Сонымен қатар, сарапшы іріктеу шараларының қатаңдауы судьялардың рөлі мен олардың әлеуметтік қамтамасыз етілуін арттыратынын сөз етті.
«Судья зейнетке шыққан кезде ағымдағы жалақысынан 65 пайызын алатын болады. Бұл өз кезегінде біріншіден, судьялық корпус арасында олардың тұрақтамауын төмендетіп, екіншіден, осы қызметке деген қызығушылық артады»,-дейді Ш. Лепсібаев.
Мұнымен қоса, «Сот жюриі» деген түсінік енгізіледі және олар барлық даулы мәселелерді қарастыратын болады, соның ішінде судьялар қызметі бойынша мәселені қамтиды. Осы орайда Қазақстан азаматтарына Жоғарғы Сотқа жолығу айтарлықтай жеңілдейді.
«Қазіргі кезде Жоғарғы Сотқа жүгіну өте күрделі әрі үлкен проблема. Бұл тұрғыда осы проблема шешілетін болады»,-деді ол.