Қазақстанда судьяларды тағайындау талаптары күшейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда судьяларды тағайындау ісіне жаңа жетілдірілген талаптар енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
«Байқауда судьяға үміткер ең алдымен психологиялық тестілеуден өтеді, бұрын бұл міндетті емес еді. Одан соң белгілі бір тақырыпта эссе жазады, үшінші кезең - компьютерлік тестілеу, оның ішінде бұрын 6 заң бойынша тестілеу болса, енді тағы 5 заң қосылып, барлығы 11 заң бойынша тест тапсырады. Яғни тест сұрақтарының 80% -на жауап берген үміткер келесі кезеңге жолдама алады. Содан кейін ғана заңдар бойынша жазбаша тезис жазу арқылы өзінің заңды білу деңгейін дәлелдейді», -деді ҚР Жоғарғы сот Кеңесінің мүшесі, судья Әділ Құрықбаев.
Жоғарғы сот маманының айтуынша, судьялардың біліктілігін тексеру мақсатында арнайы компьютерлік бағдарлама жасалған. Аталған бағдарлама үміткердің білімі, еңбек өтілі, біліктілігі, жұмыс тәжірибесі туралы ақпараттарды автоматты түрде жинап, базаға енгізеді.
Судьяларды тағайындауға енгізілген тағы бір өзгеріс - магистрант судьялар мен еңбек өтілі бар судьялар үшін байқау бөлек өткізіледі.
Судья болуға үміткер тұлға - заңға сәйкес жасы 30-ға толған, заң мамандығы бойынша жоғары білімі бар, біліктілік емтихандарын тапсырған ҚР азаматы болуы тиіс.
ҚР Жоғарғы сот кеңесі аталған талаптардың енгізілу себебін «судьяларды ашық түрде тағайындап, лайықты кадрларды таңдау арқылы халықтың сотқа деген сенімін арттыру үшін» деп түсіндірді.
Жоғарғы сот кеңесінің деректеріне сүйенсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша судьялардың біліктілігін тексеру емтиханын ел бойынша 76 судья, яғни 29,4%-ы сәтті тапсырған. Үстіміздегі жылдың ақпан айында өткен емтиханның қорытындысы бойынша 17 судья, яғни 30,1% өз білімін дәлелдеп шыққан.