Қазақстанда судьяның кәсіби қызметін бағалау заң арқылы белгіленеді - Сенат
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасы мемлекеттің бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын атқару мақсатында әзірленген.
Заң жобасына сәйкес, Жоғары Сот Кеңесі Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды қалыптастыру, судьялардың тәуелсіздігі мен ешкімнің тиіспеу кепілдіктері жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылатын автономды мемлекеттік мекеме болып табылатындығы айқындалды. Кеңес құрамына Жоғарғы Соттың Төрағасы, Бас Прокурор, Әділет министрі, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның басшысы, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тиісті тұрақты комитеттерінің төрағалары, судьялар мен отставкадағы судьялар тағайындалады, сондай-ақ басқа адамдар да, оның ішінде ғалым заңгерлер, адвокаттар, шетелдік сарапшылар, Судьялар одағының өкілдері тағайындалуы мүмкін.
Заң жобасында лауазымы бойынша Кеңес мүшелері мен шетелдік сарапшыларды қоспағанда, Кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде негізгі жұмыс орны бойынша міндеттерін орындаудан босатылатыны белгіленген. Судьялар және мемлекеттік қызметшілер болып табылатын Кеңес мүшелерінің негізгі жұмыс орны бойынша жалақысы сақталады. Заң жобасын талқылау барысында Комитет Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына судьялыққа кандидаттардың жұмыс өтіліне қойылатын талаптарды түзетуді көздейтін өзгерістер енгізуді ұсынды.
Бұдан бөлек, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Жоғары Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Құжатта негізінен судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған нормалар көзделген. Сондай-ақ судьяның кәсіби қызметін бағалау белгіленеді, алғаш рет ол судья лауазымындағы бір жылдың нәтижелері бойынша, ал кейіннен әр бес жыл сайын жүргізілетін болады. Бұл ретте жиырма және одан да көп жыл судьялық өтілі бар судьялар судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалаудан босатылады.
Судьяның отставкаға шығуы үшін судьялық жұмыс өтілі он бес жылдан жиырма жылға ұлғайтылады.
Заң жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.