Қазақстанда суда жүзетін әмбебап жауынгерлік көлік құрастырылатын болды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы суда жүзе алатын «Terrex Barys-A 8x8» жауынгерлік көлігін таныстырды.

Бұл брондалған көпмақсатты амфибиялық жауынгерлік көлік — сингапурлық «Singapore Technologies Engineering» компаниясының өнімі. Оны құрастыруға, жетілдіруге құқық беретін барлық құжаттарды Қазақстан тарапы сатып алған. Алдағы уақытта әскери машина түрлі ауа райы және табиғи жағдайда ауыр сынақтардан өтуі тиіс. Аптап ыстық пен сары аязда, батпақ пен құмда өзінің мінсіздігін дәлелдей алса ғана, жаппай құрастыруға жолдама алады.

— Terrex Barys-A — қазіргі уақыттың технологияларына сай әскери көлік. Қазақстанда жасалған, қазақтың қолымен жасалған, қазақтың сарбазына жасалған. Біздің азамат ретінде ғана емес, кәсіпкер және өндіруші ретіндегі міндетіміз — жауынгерлеріміздің өмірін сақтау, - дейді Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Айбек Барысов.
Отандық әскери көлік ішіндегі жауынгерді 10 келі тротилдың жарылысынан қорғай алады. Танкіге қарсы минаның өзінде 7 келі тротил болатынын ескерсек, көпмақсатты жауынгерлік көліктің қорғаныш деңгейін жоғары санатқа жататынын түсінеміз.

— Армия мобильді, кәсіби және заманауи қару-жарақпен қамтылған болуы керек. Себебі біздің басты мақсат – мемлекетіміздің конституциялық құрылымын, территориялық тұтастығын сақтау. Осындай өнімдер әскеріміздің қуатын арттырады, - деді ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.
«Terrex Барыс-А 8х8» брондалған доңғалақты машинасы әмбебап платформаға орналастырылған. Ондай платформаны БТР, бронды әскер тасымалдаушы көлік, доңғалақты танк, 120 мм жылжымалы миномет, командалық-штабтық машина, әскери-барлаушы машина, жақын қашықтықтағы зениттік-ракеталық кешен жасауда қолдануға болады. Осылайша Қазақстанның бронды әскери көліктерінің әмбебап тұтас тізбегін қалыптастырып, оны ұстау мен жөндеу шығындарын азайтуға болады.
Terrex Барыс-А 12 жауынгерді тасымалдай алады, экипажы – 2 адам. Бойында 600 аттың күші бар.