Қазақстанда су қоймасын тазарту үшін алғаш рет микробалдыр қолданылды

қойма
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

АСТАНА. KAZINFORM – Көктем-жаз келсе Петропавлды басатын жағымсыз иіс бұдан былай жұрттың мазасын алмайды. Үш жылға жоспарланған жоба сәтті аяқталды. Биотоған хлорелла балдырымен тазартылып, күкіртсутек енді күн жылынса ауаға тарамайды. Ғылыми-технологиялық су орталығы директоры Александр Рейбандт Kazinform тілшісіне жобаның ерекшелігі жайында айтып, жоспарлармен бөлісті.

Биотоған сарқынды су жинағышы соңғы жылдары экологиялық мәселеге айналып, жедел шешімді қажет етті. «Қызылжар су» ЖШС-не қарайтын нысанды тазарту үшін мамандар жергілікті ғалымдардың көмегіне жүгініп, нәтижесінде 2021 жылдың тамызында жаңа жоба қолға алынды. Жұмысты Қозыбаев университетінің базасында құрылған ғылыми­технологиялық су орталығы атқарды.

«Солтүстік Қазақстан университетінің негізінде суды реагенттерсіз тазарту ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналыстық. Өйткені реагенттер кейін суда қалып, адам денсаулығына әсер етуі мүмкін. Университеттің зертханасында түрлі тәсілдерді көрдік, 2016 жылы бізге зерттеу нәтижемізді нарыққа шығару үшін грант берді. «Ғылым» қорынан қаражат бөлінді. Мемлекеттің, университеттің және қордың қолдауы нәтижесінде біздің технология жарыққа шығып, «Қызылжар су» кәсіпорнында тұсауын кестік», - дейді осы орталықтың директоры, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Александр Рейбандт.

Ғалымның айтуынша, хлорелла деген бір жасушалы балдыр, 2,5 млрд жыл бұрын пайда болған. Мұз дәуірінен өткен. Бұл микроағзаның химияға қатысы жоқ, ол – таза биология. Ақпа суларды тазартуда таптырмас дүние, өйткені адам, қоршаған орта үшін лас нәрсе хлорелла үшін азық. Бұл балдыр өте тез өсіп, жайылады. Мамандар микроағзаны сынақтан өткізіп, суды тазартуға осы хлорелланы таңдауда қателеспегендіктеріне көз жеткізеді.

балдыр
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

«Су қоймасына хлорелланы құйдық. Олар басқа өсімдіктер сияқты оттегін бөледі. Осылайша барлық органика тотығады. Бұл судың тазартылуын жеделдетеді. Кейін хлорелла биомассасы көбейіп, басқа микроағзаларды жей бастайды. Оларды табиғи сүзгіш организм деуге болады. Өте кішкентай болғанымен, тез көбею арқылы жақсы нәтиже береді.

Тағы бір ерекшелігі – суқоймасын тазалаудың бұл технологиясы басқаларымен салыстырғанда арзан.

Біз «Қызылжар су» кәсіпорнымен жұмыс істедік. Егер олардың тоғандарын классикалық әдіспен, яғни Кеңес одағы кезеңінен қолданылып келе жатқан технологиямен тазартқанда, бұл мақсатқа 6 млрд теңге жұмсалар еді. Ол үшін арнайы нысан тұрғызып, оны электр қуатымен қамтуды, көп мөлшерде компрессормен ауа жіберуді – жұмысы да көп, уақытты да қажет етеді. Біз оларға өз технологиямызды бердік, қызметкерлерін үйреттік, 3 жыл бойы жобаны бақылауда ұстап, көмектестік. Судың сараптамасын алып, құрамын тексеріп отырдық. Нәтижесінде олар 127 млн теңге жұмсады.

су
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Біз Петропавлдағы биотоғаннан ауаға таралған жағымсыз иісті жою үшін бастапқыда хлорелланы өте көп мөлшерде және жиі салдық. Өйткені қаланың сарқынды су жинағышы 1956 жылдан бері тазартылмаған. Бізге екі жылдың ішінде осы мәселені шешу міндеті қойылды. Жедел шара қолдану қажет болғандықтан, тоғанға бірнеше рет хлорелланы құйдық. Тек көктем мен жазда ғана емес, қыста да ойықтар жасап, мұз астына жібердік. Көл бетіндегі мұз кетісімен-ақ бірден нәтиже берсін деген ниет болды.

Қазір «Қызылжар су» бұл жобамен өздері айналысып жатыр. Олар кесте құрған, қателеспесем айына бір рет белгілі мөлшерде биотоғанға хлорелла құяды. Бұл – жеткілікті. Қазір ондағы жағдай жақсарған, сондықтан оны осы қалыпта ұстап тұру қажет», - дейді Александр Рейбандт.

су
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Маманның айтуынша, көктемде хлорелла басқа балдырларға қарағанда бір айға ерте «оянады». Мұз астында жатып-ақ басқа патоген балдырларға қажет көмірқышқыл газын жойып, оттегін бөледі.

Нәтижесінде 2021 жылы Петропавл қаласында күкіртсутекпен атмосфералық ауаның жоғары ластануының 7 жағдайы анықталса, 2022-2023 жылдары бір де біреуі тіркелмеген.

«Ең алдымен бізге облыс орталығын жағымсыз иістен құтқару міндеті қойылды. Күкіртсутек белгілі бір жағдайларда пайда болады. Егер ол процеске оттегіні қоссақ, процесс өзгеріске ұшырайды. Фотосинтез – хлорелланың көп қасиеттерінің бірі. Басқа өсімдіктермен салыстырғанда ол балдырда 16 есе көп. Микроағзаның әлеуеті жоғары, сондықтан биотоғанды ол көп күш салмай-ақ тазалап шықты. Бұл жобада бар әлеуетінің тек 10 % ғана жұмсады. Хлорелла басқа салаларда да тиімді қолданылады. Қазіргі уақытта Бескөлде ашылған мал қоспасын шығаратын зауытпен жұмыс істемекпіз. Балдырдың бойында ауыл шаруашылығы жануарларына қажет микроэлементтер жеткілікті. Оны жемазыққа қосу арқылы құнарлылығын арттырып, минералды-дәрумендермен байытуға болады. Әзірге тек сынақ ретінде қолданып көріп жатырмыз. Қытай, Жапония, Корея оны таза күйінде көп мөлшерде қоланады. Ұнтақ, капсула түрінде шығарады. Құрамында ақуыз мөлшері жоғары, иммунитетті жақсы көтереді», - дейді Александр Рейбандт.

Ғалымның айтуынша, сарқынды су жинағыштардың ластануы – еліміздегі сумен қамтушы кәсіпорындардың барлығына ортақ мәселе.

«Жағымсыз иіс қала тұрғындарының мазасын алмауы үшін биотоғанды әдетте алыс салады. Бес жыл бұл мәселемен айналысып жатырмыз, интернетті ақтардық. Біз әлемде алғашқы болып, қолда бар мәліметтер бойынша, үлкен қалалардың ақпа суларын тазарту үшін биологиялық оңалту әдісін қолдандық. Қазір басқа қалалардағы кәсіпорындардың мамандары келіп, біздің технологиямызды көріп, келісімге отырып жатыр. Шымкент және Қостанай су кәсіпорындарымен жұмыс істейміз. Қазіргі уақытта технологияны стандарттау мәселесі қаралып жатыр. Стандарттау рәсімі бізге қажет, нәтижесінде көптеген мамандар бұл технологиямен танысып, өздерінің ұсыныстарын, түзетулерін енгізеді. Біз құжаттарымызды министрліктерге, су кәсіпорындарына жібердік, әзірге 21 ұйымнан өтті. Әлі 19-ымен тексеріледі, ұсыныстары тыңдалады. Нәтижесінде қауіпсіз, жан-жақты тексерілген өнім шығады. Бұған шамамен бір жыл уақыт кетпек», - дейді ғылыми-технологиялық су орталығының директоры.

Қазір ерекше балдыр – хлорелла су орталығының зертханасында өсіріледі екен.

Соңғы жаңалықтар