Қазақстанда Sunkar Air атты жаңа әуе компаниясы жұмысын бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Sunkar Air атты жаңа әуе компаниясы құрылды.

Қазақстанда Sunkar Air атты жаңа әуе компаниясы жұмысын бастады

«Әуе компаниясы қызметінің негізгі бағыты - авиация бизнесіне қызмет көрсету. Сонымен бірге біз VIP тасымалдаулардың қағидалары мен амалдарын сақтай отырып, сыйымдылығы үлкен жолаушылар ұшағында әуе чартерлік тасымалдауларды жүзеге асырамыз», - делінген әуе тасымалдаушысының ресми сайтында.

Атап өтілгендей, компанияның негізгі міндеті - рейсті тез әрі сапалы ұйымдастырып, әуе кемесінің бортында ең жоғары стандарттарға сәйкес келетін жайлылық пен қызмет көрсету деңгейін ұсыну.

Бүгінде компанияның әуе паркінде екі әуе кемесі бар: біріншісі - VIP тасымалдауларды орындауға арналған 15 адамдық Bombardier Challenger 850, екіншісі - 148 адам сыятын Boeing-737-300. Сондай-ақ серіктес әуе компанияларымен жасалған келісім негізінде Embraer Legacy 650, Cessna Citation 750, Hawker 900 XP, Beechcraft Premier I ұшақтарымен тасымалдаулар жүзеге асырылады.

Sunkar Air әуе компаниясының жалғыз құрылтайшысы - оның директоры Талғат Жолдыбаев. Кезінде ол «Инвест Авиа» әуе компаниясының құрылтайшысы және директоры, «Еуро-Азия Эйр» тікұшақ әуе компаниясының вице-президенті болған. Компанияның кеңсесі Алматы қаласында орналасқан.