Қазақстанда сұранысқа ие 550 негізгі мамандықтың тізімі жасалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі экономиканың маңызды салаларындағы 550 негізгі мамандықты анықтайды және олардың кәсіби стандарттарын енгізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің бірлестіктерімен бірігіп, экономиканың сұранысқа ие салаларындағы 550 негізгі мамандықты анықтап жатырмыз. 2020 жылға дейін дағдылар мен құзіреттер нақты бекітілген заманауи кәсіби стандарттарды әзірлеуіміз керек. 2018 жылдан бастап, 70 кәсіби стандарт енгізіледі және жыл соңына дейін тағы 230 стандарт әзірленеді», - деп хабарлады министр Мәдина Әбілқасымова ведомство алқасының кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, дәл осы стандарттар негізінде еңбек функцияларын, біліктіліктер мен құзіреттіліктерді игеру бойынша білім беру бағдарламалары жаңартылады.
«Біз еңбек күшінің жұмыстан босап қалуына да, еңбек ресурсының дәстүрліден жаңа индустрияларға ауысуына да дайын болуымыз керек. Ол үшін қазірден бастап, кәсіби оқыту, бағдарлау мен жұмысқа орналасу жүйелерін дайындау қажет», - деді министр.