Қазақстанда сүт өңдейтін өндіріс қуаты толық пайдаланылмай отыр - Р. Шаекин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сүт өңдейтін өндіріс қуаты толық пайдаланылмай отыр. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Рауан Шаекин осылай мәлімдеді.

   Қазақстанда сүт өңдейтін өндіріс қуаты толық пайдаланылмай отыр - Р. Шаекин

«Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер аграрлық саладағы басты проблема - ұсақ тауарлылық деп айтып келеді. Дегенмен, министрлік ұсынған заң жобасы мұны шешпейді. Мысалға, Қазақстандағы сүт өндірісінің бүгінгі қалыптасқан жағдайына қарайық. Мәселен, елімізде өндірілетін сүттің жалпы мөлшері 4,7 млн. тоннаны құрайды, ал соның 4,1 млн. тоннасы жұртшылықтың жекеменшік қорасында сауылады. Бұл 87 пайызға тең. Осы жеке қораларда сауылатын 4,1 млн. тонна сүттің тек 1,3 млн. тоннасы немесе 31 пайызы ғана қайта өңдеуге беріледі, ал қалғанын халық өз қажетіне жаратады: май шайқайды, кілегей, қатық алады», - дейді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, сүт саласындағы өндірістік қуат нысандары да толық пайдаланылып тұрған жоқ. Мысалы, сұйық түрде өңделген сүт пен кілегей - 45,7 пайыз, қатты түрдегі сүт өнімдері - 29,4 пайыз, май - 36,1 пайыз, сыр мен ірімшік- 40,9 пайыз болса, қалған сүт өнімдері 59,2 пайызды құрап отыр.

«Осыны ескерсек, заң жобасындағы ұсынылған нормалар ауыл шаруашылығындағы ахуалға айтарлықтай әсер етеді деу қиын. Өйткені, мұнда басты мәселе - ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді біріктіруге ынталандыру тетіктері қалыс қалған», - деді Р. Шаекин.