Қазақстанда сұйытылған газды шығаруға шектеу жарты жылға ұзартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 2024 жылғы 8 қарашада «сұйытылған мұнай газын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрыққа қол қойды.
«Қазақстан Республикасының аумағынан 6 ай мерзімге автомобиль және теміржол көлігімен сұйытылған мұнай газын, пропан мен бутанды әкетуге тыйым салу енгізілсін», - делінген бұйрық мәтінінде.
Тыйым қолданылмайтын жағдайлар:
- өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) немесе Салық кодексінің 722-бабының 1-тармағына сәйкес салық режимінің тұрақтылығына ие ҚР Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде өндірісті жүзеге асырған жер қойнауын пайдаланушылардың әкетуі;
- Қарашығанақ кен орнында өндірілген қазақстандық шикізаттан өндірілген (қайта өңделген) тауарларды Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде әкету;
- Қазақстан Республикасының шегінен тыс басталатын және аяқталатын орны ауыстырылатын транзиттік тасымалдар;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша гуманитарлық көмек шеңберінде әкетіледі.
Бұйрық 2024 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді.
Еске сала кетсек, биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда сұйытылған газ бағасы өсті.