Қазақстанда сұйытылған газды сыртқа шығаруға тыйым тағы алты айға ұзартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда сұйытылған мұнай газын ел аумағынан әкетуге қойылған шектеу тағы алты ай мерзімге ұзартылды. Бұл туралы Энергетика министрлігінің бұйрығында айтылған. 

сұйытылған газ
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Құжатқа сәйкес, сұйытылған мұнай газын, сондай-ақ пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігі арқылы еліміздің аумағынан шығаруға уақытша тыйым салынады.
Сонымен қатар бірқатар жағдайларға қатысты ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда:

— өнімді бөлу туралы келісім немесе жер қойнауын пайдалану келісімшарты аясында өнім өндірген жер қойнауын пайдаланушыларға;

— Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында өндірілген қазақстандық шикізаттан өңделген тауарларды халықаралық шарттар негізінде әкетуге;

— басталуы мен аяқталуы Қазақстаннан тыс жерде жүзеге асатын транзиттік тасымалдарға;

— Үкімет шешімімен көрсетілетін гуманитарлық көмек аясында шығарылатын жүктерге тыйым қолданылмайды.

Аталған бұйрық биыл 14 мамырдан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, сұйытылған мұнай газын сақтауға арналған сыйымдылықтарды жер үстінде орналастыруға тыйым салынады.

Сонымен қатар Қызылордада сұйытылған газ бағасының өсуі түсініспеушілік туғызған еді.