Қазақстанда сұйытылған мұнай газының шекті бағасы қайта қаралды

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанда сұйытылған мұнай газының ішкі нарықтағы көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағалары қайта бекітілді. Бұл туралы ҚР энергетика министрлігінің 2025 жылғы 30 шілдедегі №297-н/қ және №298-н/қ бұйрықтарында жазылған.

сжиженный газ
Фото: pixabay

Құжатқа сәйкес, биыл 1 тамыздан бастап 31 желтоқсанға дейін тауар биржаларынан тыс, ішкі нарыққа жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газының көтерме саудадағы шекті бағасы қосылған құн салығын есептемегенде тоннасына 59 722 теңге көлемінде белгіленді.

Осылайша өңірлер бойынша автогаз құю станцияларында газдың бөлшек саудадағы шекті бағалары да қайта қаралады. Атап айтқанда, Астана мен Алматы қалаларында – 112 теңге/литр, Маңғыстау облысында – 72 теңге/литр, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында – 85 теңге/литр, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында – 102 теңге/литр.

Сонымен қатар облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықтықтағы шалғай аудандар үшін де жеке шекті бағалар белгіленді. Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және басқа да бірқатар облыста 117 теңге/литр, Маңғыстау облысында – 77 теңге/литр, Атырау облысында – 90 теңге/литр.

Энергетика министрлігі бұл бағалар тек тауар биржаларынан тыс, белгіленген жоспар шеңберінде жеткізілетін газға қатысты қолданылатынын еске салады.

Бұған дейін, Энергетика министрлігі сұйытылған газ бағасын 1 тамыздан бастап өзгертуді ұсынғанын жазғанбыз.

Еске сала кетейік, сұйытылған газды Қазақстан аумағынан әкетуге тыйым салу ұзартылған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум