Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстарын болдырмаудың кешенді шаралары жасалуда - Қ. Қожамжаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстарын болдырмаудың кешенді шаралары жасалуда. Бұл туралы бүгін ТМД елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекетаралық кеңесінің отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстарын болдырмаудың кешенді шаралары жасалуда - Қ. Қожамжаров

Оның айтуынша, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа саяси бағытына сәйкес, Қазақстанда жемқорлықтың алдын алатын тетіктер қолдану ең басты назарға алынуда.

«Мұндай бағыт жаңа жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясында ғана емес, 29 қазан күні Парламент қабылдаған «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң жобасында да көрініс тауып отыр. Қазақстанда жемқорлықтың пайда болуына себеп болатын жағдайларды жою бойынша жұмыстар жүйелі негізге көшірілуде. Ол үшін жаңа институттар, жемқорлыққа қарсы мониторинг, жемқорлық тәуекелдерін талдау, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен қаржылық бақылау шаралары енгізілуде», - деді Қ.Қожамжаров.

Оның айтуынша, кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға бағытталған институционалды реформа да жемқорлық қылмыстарымен күреске оң әсер етпек.