Қазақстанда табыстарды жалпы ресми жариялау 2013 жылдан басталады
АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстанда табыстарды жалпы ресми жариялау 2013 жылдан басталады.
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында депутаттармен кездесу барысында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.
Бүгінде табыстарды жалпы жариялау өзекті мәселе екеніне тоқталған ол, «біздің алдымызға жалпы ресми жариялау бойынша биылғы қыркүйекте Салық кодексіне және басқа да заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша заң жобасымен Парламентке бару мақсаты қойылды»,-деді.
Д. Ерғожиннің айтуынша, Үкімет жалпы жариялауға көшудің тұжырымдамасын мақұлдады және ол төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, яғни ағымдағы жылдың соңына дейін оған көшудің негіздерін және әлемдік тәжірибені анықтау тұрғысындағы шаралар іске асырылады. Ал алдағы екі жылда жүйелерді қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілмек. 2014 жылы бастапқы декларация тапсырылады. Сондай-ақ 2015 жылы кезекті декларация әзірленіп, бұл үрдіс ары қарай жалғаса береді.
Атап айтқанда, бұл тұрғыда жалпы ресми жариялау жұмыстары 2013 жылы басталады, ал 2017 жылы бұл жалпы жариялау шаралары барлығын қамтитын болады.
Осы орайда комитет басшысы табысты ресми жариялау көлеңкелі экономиканың жолын кесетінін, мемлекеттік органдардағы жемқорлықты төмендететінін, бюджет түсіміндегі салық базасын кеңейтетінін, түрлі қылмыстарды тергеу амалдарындағы тиімділікті арттыратынын, сондай-ақ еліміздегі салық төлеушінің мәдениетін жоғарылатуға септігін тигізетінін атап өтті.