Қазақстанда тағы сегіз коммуналдық кәсіпорын «қызыл аймақтан» шығарылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2026 жылы шамамен 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді. Сонымен қатар тағы сегіз коммуналдық кәсіпорынды «қызыл аймақтан» шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.

Қазақстанда тағы сегіз коммуналдық кәсіпорын «қызыл аймақтан» шығарылмақ
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылы саланы жаңғыртуға 547 млрд теңге бағытталған. Оның есебінен 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, сегіз кәсіпорын «қызыл аймақтан» шығарылды.

Ал 2026 жылы қаржыландыру көлемі екі еседен астам өсіп, 1 трлн 289 млрд теңгеге жетті. Жөнделетін инженерлік желілердің ұзындығы да екі есеге жуық артып, 12 мың шақырымға жетті. Жыл соңына дейін тағы сегіз кәсіпорынды «қызыл аймақтан» шығару көзделген.

Қанат Бозымбаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Жылумен жабдықтау

Жылумен жабдықтау саласына 495 млрд теңге инвестиция тартылды. Екі жылда барлығы 595 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған. Оның 259 шақырымы 2025 жылы жөнделсе, қалған 336 шақырымы биыл жаңартылады.

Асан Дарбаевтың мәліметінше, нәтижесінде жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 52%-дан 48%-ға дейін төмендейді. Апат саны 7,2%-ға, ал жылу энергиясының шығыны 1,6%-ға азаяды. Жылу желілеріндегі апат саны 7,2%-ға азаяды деп күтіледі. Бұл — коммуналдық салалар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Сондай-ақ «қызыл аймақтағы» кәсіпорындар саны 15-тен 11-ге дейін қысқарады.

Электрмен жабдықтау

Электр желілерін жаңғыртуға басымдық берілген. Бұл бағытқа 890 млрд теңге қарастырылып, 15 758 шақырым электр желісін жөндеу жоспарланған.

Екі жылдық жұмыстың нәтижесінде электр желілерінің орташа тозу деңгейі 67%-дан 62%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Апаттылық 3,9%-ға, электр энергиясының шығыны 0,6%-ға азаяды. Ал «қызыл аймақтағы» кәсіпорындар саны 17-ден 16-ға дейін қысқармақ.

Вице-министрдің айтуынша, инвестиция көлемі едәуір болғанымен, электр желілерінің ұзындығына байланысты бұл бағыттағы оң нәтиже біртіндеп байқалады.

Сумен жабдықтау

Сумен жабдықтау саласында 1 497 шақырым желіні жөндеуге 265 млрд теңге бөлінеді.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде желілердің орташа тозу деңгейі 39%-дан 36%-ға дейін төмендеп, апаттылық 4%-ға, су шығыны 1,2%-ға азаяды деп жоспарланған.

Бұл салада «қызыл аймақтағы» кәсіпорындар саны 17-ден 11-ге дейін қысқарады. Вице-министр бұл көрсеткішті салалар арасындағы ең жақсы нәтиже деп атады.

Кәріз жүйесі

Ең күрделі жағдай су бұру саласында қалып отыр. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы 59 кәсіпорынның 21-і «қызыл аймақта» орналасқан. Яғни олардың үштен бірінен астамы қиын жағдайда жұмыс істейді.

Бұл салада 803 шақырым желіні жөндеуге 187 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде желілердің орташа тозу деңгейі 55%-дан 52%-ға дейін төмендеп, апаттылық 2,5%-ға азаяды деп күтілуде. «Қызыл аймақтағы» кәсіпорындар саны 21-ден 16-ға дейін қысқармақ.

Вице-министр атап өткендей, су бұру саласы басқа бағыттармен салыстырғанда ең аз инвестиция алады.

Бұған дейін елде тұрғын үй және энергетикаға қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатқанын жаздық.