Қазақстанда тальго пойыздары шығынға батып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі коммерциялық пойыздар билеті қымбат болғанымен, шығынды. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол жүру құжаттарын (билеттерін) сату жолаушылар тасымалын басқаруды автоматтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ол билетті барлық сату пунктерінде рәсімдеу үшін бірдей мүмкіндік береді. Жолаушылар пойызына билеттерді алдын ала сату пойыз жөнелтілгенге дейінгі 45 күн бұрын ашылады.

Жаппай тасымалдау кезеңінде жылжымалы жолаушылар құрамы паркінің тапшылығы жағдайында бос билеттердің болмай қалу ықтималдығы бар. Осыған орай 2019 жылдың шілдесінен «Күту парағы» қызметі енгізілді. Оған пойыз жөнелтілгенге дейінгі 7 күн ішінде қайтарылған билеттер, пойыз жөнелтілгенге дейінгі 5 күнде қайтарылған факультативтік вагондар билеті, сонымен қатар пайдаланылмаған бронь орындары түседі», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Премьер-Министрдің дерегінше, ел аумағында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін пойыздың 101 бағдары ұйымдастырылған. Оның ішінде 5 бағдарда Тальго вагондарынан жасақталған коммерциялық пойыздар қатынайды.

«2022 жылдың 1 шілдесінен әлеуметтік маңызы бар бағыттарға қатынайтын барлық жолаушылар пойызына тариф 7 пайызға қымбаттады. Айта кетерлігі, коммерциялық пойыздар мемлекет тарапынан субсидияланбайды. Жол жұру билеті құнының біршама болғанына қарамастан шығынды саналады», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар