Қазақстанда талантты әрі табысты басқарушылар үшін транспарентті «әлеуметтік лифт» құрылды
АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда талантты әрі табысты басқарушылар үшін транспарентті «әлеуметтік лифт» құрылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов айтты.
«Кәсіби басқарушыларлардан құралған Қазақстандағы «А» корпусы тиімді мемлекет құру жолындағы ел Президенті саясатын жүзеге асыруда ықпалды механизм болуы тиіс. Президент Жарлығымен құрылған Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия ел Президентінің резиденциясы Ақордада әрбір үміткермен жеке-жеке әңгіме өткізді», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, соның нәтижесінде «А» корпусындағы 540 лауазымға 940 адам резервке алынған. Қазіргі уақытта «А» корпусы толығымен жасақталып, 30 пайызға жаңарған. Кейбір лауазымдарға бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген мемлекеттік емес сектордан, бизнестен адамдар келген.
«Осылайша, барынша талантты әрі табысты басқарушылар үшін транспарентті «әлеуметтік лифт» құрылды», - деді Ғ.Әбдірахымов.