Қазақстанда талантты балаларды тарту үшін өңірлік футбол академияларын құру жоспарда бар - Е.Қожағапанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Тараз қаласында Жамбыл облысының футбол сүйер қауымымен кездесіп, онда осы спорт түрінің келешек мәселелері талқыланды. Шақырылғандар қатарында кезіндегі еліміздің атақты футболшылары Сейілдә Байшақов, Нүркен Мазбаев, Фархад Мирсалимбаев, Вячеслав Хван, Христофор Каскениди және де жаттықтырушалыр, футбол жанкүйерлері болды. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу барысында федерация басшысы қазақстандық футболды дамытудың 2022 жылға дейінгі бағдарлама жобасын таныстырды. Аталған бағдарламаның басым бағыттарының бірі - Қазақстандағы жасөспірімдер мен балалар футболын дамыту.
«Қазақстан доп тебетін талантты балалардан кенде емес. Біздің міндетіміз - осы таланттарды тасада қалдырмай табу, оларға оқуларына жағдай жасау. Олар ертеңгі күні еуропалық ареналарда өздерін көрсетіп, ұлттық құраманы да алға жетелеулері керек», - деді Ерлан Қожағапанов.
Бұдан бөлек, Футбол федерациясының президенті ардагерлермен, жаттықтырушылармен қазақстандық футболдың басқа да мәселелерін талқыға салды. Көпшіліктің пікірі бойынша бүгінгі таңда елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту мен балалар жаттықтырушыларының имиджін арттыру - өзекті мәселе.
«Қазақстанның климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, бізге жабық алаңдарды көбірек салу керек, онда футболшылар жыл бойы жаттығулары тиіс. Бұдан бөлек, балалар жаттықтырушыларының санын еселеп арттырып, оларды жаңа технологиялармен оқыту да маңызды. Егер қазіргі күні «С» санатындағы жаттықтырушылар саны 195 адам болса, алдағы 7 жылда біз оларды 10 есеге арттырамыз. Бұл аса маңызды міндет, өйткені футболшылар негізгі базалық білімді жас кезінде алады», - деді Ерлан Қожағапанов.