Қазақстанда талапқа сәйкес келмейтін 22 тоннадан астам өнім сатудан алынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес келмейтін 22 тоннадан астам өнім сатудан шығарылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда талапқа сәйкес келмейтін 22 тоннадан астам өнім сатудан алынды

«Өткен жылы еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өнімнің қауіпсіздігін бақылау бойынша бірқатар міндеттерді орындады. Соңғы 7 жылда азық-түлікке жатпайтын тауарлардың өнім талабына сәйкес келмеуі 8% өскені байқалады. Ал тамақ өнімдері бойынша төмендеу байқалады, 30,1% -дан 11% - ға дейін азайған. Мониторинг нәтижесі бойынша 27 млн теңгені құрайтын санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес келмейтін 22 тоннадан астам өнім сатудан алынды», - деді Марат Шоранов министрлік алқасының кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, профилактикалық бақылау қорытындысына сәйкес, шетелден өнім әкелетін 40 субъектінің аккредитациялық аттестаты тоқтатылып, 12 мекеменің сертификаты кері қайтарылды.

«Пандемия басталғалы халықаралық тәжірибе, эпидемиологиялық жағдайды және коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату басты назарда. Осы орайда індеттің алдын алу, емдеу және карантин талаптары эпиджағдайға сәйкес үнемі жетілдіріліп келеді», - дейді ол.

Бұған дейін министрдің бірінші орынбасары бірқатар денсаулық сақтау мекемелерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғанын мәлімдеген еді.