Қазақстанда тамыздың 1-нен бастап электр энергиясын беруге бірыңғай тарифтер енгізіледі - ҚР ТМРА
АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2010 жылы тамыздың 1-нен бастап «КЕГОК» АҚ желілері арқылы электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге бірыңғай тарифтер енгізіледі.
Осыған орай, елдің бірқатар аймақтарында электр энергиясының бағасы төмендейді. Бұл туралы бүгін брифинг барысында журналистерге ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа мәлім етті.
Оның айтуынша, бірыңғай тарифтерді енгізудің есебінен Алматы қаласында, Алматы мен Қостанай облыстарында электр энергиясына салынатын тарифтер деңгейін төмендетуге мүмкіндік туды. «КЕГОК» арқылы электр энергиясын беру тарифі 0,94 теңге/кВт. сағат көлемінде деп бекітілген.
Осылайша, елімізде электр энергиясы тарифтері ең жоғары аймақтардағы электр энергиясының бағасы 0,6 пайыздан 3,2 пайызға дейін арзандайды.
Атап айтқанда, Алматы қаласында және Алматы облысында («Алматыэнергосбыт» ЖШС-нің қызмет көрсету аймағы) орташа тарифтердің деңгейі 10,1 теңге/кВт.сағат немесе 0,6 пайызға төмендетілді. Осыған сәйкес, тұтыну көлемдері бойынша сараланған тарифтердің деңгейі де өзгерді. Тұтынушылар электр энергиясын белгіленген шектерде пайдаланса, 1 кВт.сағат тоқ үшін 10,54 теңге (ҚҚС санағанда), белгіленген шамадан тыс тұтынған энергиясы үшін 13,57 теңге (ҚҚС санағанда) төлейтін болады.
«Алматы қаласында аймақтық тарифтер деңгейі 0,6 пайызға төмендетілді. Олардың деңгейі тамыздың 1-нен бастап, жеке тұлғалар үшін: күндізгі тариф 14,53 теңге/кВт.сағат, түнгі тариф 3,21 теңге/кВт.сағат шамасында. Заңды тұлғалар үшін күндізгі тариф 11,31 теңге, ең жоғары жүктелім уақыттарындағы (19.00-ден 23.00-ге дейін) энергия бағамы 23,45 теңге/кВт.сағат болмақ. Ал түнгі тариф көлемі 3,21 теңге деңгейінде тұрақталады», дейді А.Шкарупа.
Алматы облысында электр энергиясының тарифтері орта есеппен 0,17 теңгеге немесе 1,6 пайызға арзандайды. Оның бағамы 10,75 теңге/кВт.сағат болып бекітілді. Ал Қостанай облысындағы электр энергиясы орташа есеппен 2,6 пайызға төмендетіледі. Сонымен қатар облысқа қарасты Лисаков (3,4 %), Рудный (2,8 %), Жетіқара (3,2 %) қалаларындағы жеткізілім тарифтері әлденеше пайызға арзан болады.