Қазақстанда таңбаланған тауарларды сату үшін сауда орындары 2D сканерлерімен жабдықталуда
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Үкіметке тауарларды таңбалау және қадағалау саласындағы компанияның атқарған жұмысы туралы баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетерлігі, 2020 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда темекі өнімдерін міндетті таңбалау талабы қойылды. Оның техникалық құрамына жауапты, деректерді сақтау және нарық қатысушыларының ақпараттық жүйелерін үйлестіруге міндетті етіп, әрі жүйенің бірыңғай операторы ретінде - «Қазақтелеком» бекітілген. Осы уақытқа дейін оператордың ақпараттық жүйесінде айналымға қатысушылардың 1000-ға жуығы тіркеліп, 321 млн Data Matrix кодтары шығарылған, олардың 176 миллионы темекі қораптарына енгізілген. Бүгінгі күні елде тек таңбаланған темекі шығарылады. Ал таңбаланбаған қалдықтар қайта таңбалауға жатпайды, алайда оларды сату 12 ай ішінде, яғни 2021 жылдың 1 қазанына дейін жүзеге асырылады.
«Бүгінгі күні бірыңғай оператор ретінде таңбаланған тауарлардың сатылуын қамтамасыз ету үшін сауда орындарын 2D сканерлерімен жабдықтау бойынша ұсыныстар түсіп жатыр. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 34 мыңнан астам сканер сатылды. Осының нәтижесінде темекі өнімдері сатылатын 80 мың бөлшек сауда орындарының 42% -ы немесе 33,5 мыңнан астам сауда орындары таңбалы темекінің айналымына дайын», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, компания 2D сканер сатып алу мүмкіндігі жоқ нарық қатысушыларына арналған Naqty Sauda тегін мобильді қосымшасын әзірлеп жатыр. Бұл қосымшаны смартфонға жүктеп алуға болады.