Қазақстанда «тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы іске асырылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде электр энергиясы саласына құйылатын инвестицияны ұлғайту мақсатында тарифті өсіру ұсынылды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электр энергиясын өндіруші қуаттардың тозуын 15% төмендету мақсатында 2035 жылға қарай инвестицияны 3 есеге ұлғайта отырып, «Тарифті инвестицияларға айырбастау» тәсілін трансформациялау талап етіледі. Жаңартылған тәсілдің мақсаты – қолданыстағы қолдау тетіктерін күшейту және нарық тарапынан жасалатын міндеттемелерге жол бермеу. Бұл жаңашылдық технология, экология және басқару салаларындағы әлемдік трендтерді ескере отырып, саланы дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын айқындауға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық біздің министрлік әзірлеп жатқан электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасымен қатар жүреді», - деді Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, бүгінде электр қуаты саласына құйылған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат көлеміне лимит белгіленді.

«Қазіргі уақытта лимит 32 млрд теңге деңгейінде белгіленді. Министрлік бұл лимитті 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту мәселесін пысықтап жатыр. Бұл жұмыс істеп тұрған электр станцияларын қосымша жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында қолданыстағы электр қуаты тарифін айына 1 МВт үшін қазіргі 590 мың теңгеден 885 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет. Бұл жылына қосымша 35 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар