Қазақстанда тарихи нысандарға сапарлауға әуе көлігін кеңінен пайдалану керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағында туристердің қызығушылығын тудырған тарихи нысандарға сапарлауға әуе көлігін кеңінен пайдалану керек.

Қазақстанда тарихи нысандарға сапарлауға әуе көлігін кеңінен пайдалану керек

 Бұл туралы бүгін «G-Global» Халықаралық хатшылығы басшысының орынбасары Салтанат Рахымбекова мәлім етті.

«Бүгінде туристік тарихи нысандарға қарай баратын жолдарды бірден салу мүмкін емес. Алайда, шетелдік туристердің қызығушылығын тудырып отырған нысандарға әуе көлігі арқылы жетуге болады. Осы орайда елімізде тікұшақ және шағын ұшақтардың паркі мен олардың бағдарларын кеңінен дамыту қажет болып тұр. Шалғайдағы тарихи нысандарға автокөлікпен жету ұзаққа созылатын болса, ал әуе көлігімен жету көп уақыт алмайды»,-деді С. Рахымбекова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселелердің шешімін табу үшін туристік индустрияның өкілдерімен тығыз пікір алмасу қажет.

«Осы ретте ай сайын облыстармен «дөңгелек үстелдер» мен конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз. Жергілікті жерлермен тығыз қарым-қатынас орнатып, туризм бағдарларын дамытуда белсенді іс-қимылдар жасауға тырысамыз»,-деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Орталық коммуникациялар қызметінде туристік саладағы «Кең Дала» ұлттық сыйлығы байқауы жарияланды.

Атап айтқанда, байқауды еліміздің туристік нарығының көшбасшыларын біріктірген Қазақстанның туриндустрия ұлттық одағы ұйымдастырып отыр.

Аталған одақтың атқарушы директоры Гауһар Жеңісбектің сөзіне қарағанда, бұл сыйлық туризмнің дамуын ынталандыруға, жақсы компанияларды анықтауға және танымал бағдарлар трендін жасауға бағытталған. «Ұлттық сыйлық туризм индустриясын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін салалық жүлде ретінде тағайындалды. Байқау 12 аталымды қамтып отыр»,-деді Г. Жеңісбек.

Аталымдар арасында оқиғалық туризмнің ең жақсы жобасы; үздік ұлттық туристік компания; үздік аймақтық туристік компания; үздік гид-саяхат жүргізуші; үздік шипажай; қонақ үй индустриясының үздік нысаны; үздік  балалар демалысы бағыттары қамтылған.