Қазақстанда тасқыннан бүлінген үйлердің саны қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев «Біз біргеміз» жалпыұлттық телекөпірінде тасқын салдарынан бүлінген үйлердің санын атады.

су басты
Фото: ТЖМ

«Қазіргі таңда 12 мыңға жуық тұрғын үй су астында қалып, бүлінді деп есептелді. Одан бөлек 23 мыңдай саяжай бар. Бұл жерде енді 3 мыңнан астам тұрғын үй техникалық тексеруден өтті. Оның ішінде 1505 үй жарамсыз деп танылды. 1700-дей үйді жөндеуге болады. Бұл — судың беті қайтқан өңірлердің беріп отырған ақпараты», — деді министрлік маманы.

Комитет өкілі тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындардың алдында үш жол бар екенін еске салды.

«Қазіргі таңда үш механизм бар. Оның бірі — зардап шеккен баспана жарамсыз болған жағдайда жаңадан үй салу. Екіншісі — қолданыстағы тұрғын үйді жөндеу. Үшінші — сол өңірден жаңа тұрғын үй сатып алып беру. Егер саяжай аумағындағы үй бүлінсе, ол тұрғынның жалғыз баспанасы болса, ол да мемлекет тарапынан өтеледі», — деді Қанат Мыңбаев.

 

Соңғы жаңалықтар