Қазақстанда тәулігіне 900 мың медициналық маска өндірілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов медицина ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтарымен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық маскалар өндіретін отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың маска шығарады. Бүгінгі күні қоймаларда 15 млн маска бар. Оның ішінен 10 млн масканы «СҚ-Фармация» ЖШС-на келісім негізінде жеткізілуде. Сондай-ақ кәсіпорындар тауарды жөнелтуге дайын. Ал медициналық қолғаптар өндірісі бойынша күн сайын 330 мың жұп қолғап шығарылады. Қоймаларда қазіргі күні 7 млн жұп қолғап бар. Осы жылдың қарашасында қуаты тәулігіне 530 мың жұпқа дейін ұлғайтылады», - деді министр Үкімкет отырысында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласының медициналық мекемелеріне 129 өкпені жасанды желдетудің стационарлық аппараты жеткізілген. Өндірісте және стендтік сынақтарда 1 190 ӨЖЖ аппараты бар. Оның 181-і жөнелтуге дайын. 1 қазаннан бастап Алматы және Шымкент қалаларына жеткізу жоспарланып отыр. Қалған аппараттар осы жылдың 10 қазанына дейін еліміздің 17 өңіріндегі 297 ауруханаға жеткізіледі.

«Еліміздің фармацевтика саласының 33 компаниясы жылына 3,9 млрд таблетка мен капсула, 922 дәрі препаратын өндіреді. Пандемияның екінші толқыны жағдайында фармацевтика саласындағы кәсіпорындар дәрілердің қажетті бөлігін қамтамасыз етуге дайын», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар