Қазақстанда Tax free жүйесі сынақтан өтеді
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Екінші жарты жылдықта Tax free жүйесін енгізу бойынша сынақты бастаймыз. Бұл жүйе елімізге туристердің көптеп келуіне ықпал жасайды деген сенімдеміз. Сол үшін бұл жобаны тек бір сату орнында ғана бастап көреміз. Esentai Mall сауда орталығында жыл аяғына дейін енгізіледі. Бұл жүйенің резидент емес тұлғаларға ғана қатысы бар. Елімізге келген турист тауар сатып алды дейік. Ел аумағынан шығар кезде ол сатып алған тауары экспортқа теңестіріледі. Сондықтан, біз оларға қосымша құн салығының мөлшерін қайтарып беруіміз керек. Бұл жерде шетелдіктің сатып алған тауары ірі көлемді болуы маңызды емес. Кез келген тауардың қосымша құн салығы қайтарып беріледі», - деді Марат Сұлтанғазиев.