Қазақстанда тазалықтың ұлттық стандарты пайда болады: бес негізгі бағыт белгіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тазалықтың ұлттық стандартын енгізу жоспарланып отыр. Жаңа жүйе экологиялық ағарту, экологиялық волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, көгалдандыру және табиғи аумақтардың тазалығы сияқты бес негізгі бағытты қамтиды. Бұл туралы Үкіметте өткен кеңесте айтылды.

«Таза Қазақстан»
Фото: Ақорда

Президенттің тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы аясында экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров оны қалыптастыру тәсілдерін таныстырды.

Әлібек Қуантыров
Фото: Үкімет

Ұлттық стандартты бес тақырыптық бағыттан тұратын жүйе ретінде қалыптастыру ұсынылып отыр, олар — экологиялық ағарту, экологиялық волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, оларды көгалдандыру, сондай-ақ табиғи аумақтардың тазалығы. Әрбір бағытты әзірлеуге және енгізуге тиісті мемлекеттік орган жауапты болады, жалпы үйлестіруді Үкімет деңгейінде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырыла бастағаннан бері 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған, 7 млн ағаш отырғызылып, 2 мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылған. Экологиялық тәрбие бойынша 560 мыңнан астам сынып сағаттары өткізілген. TazaQazBot арқылы азаматтардан санитарлық жағдай және аумақтарды абаттандыру мәселелері бойынша 57 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Ұсынылған тәсілдерді ескере отырып, Олжас Бектенов Экология және табиғи ресурстар, Сауда және интеграция, Мәдениет және ақпарат, оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп әрбір бағыт бойынша бірыңғай талаптар дайындауды тапсырды. Стандартта қарапайым, түсінікті және нақты талаптар болуы керек. Сонымен қатар, министрліктерге «Таза Қазақстан» бренді шеңберінде қоғамда жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы іс-шарада «Әділетті, Қауіпсіз, Озық және Таза Қазақстанды құру — баршамыздың қастерлі парызымыз. Осы жолда бәріміз белсенді жұмыс істеуіміз керек. Қасиетті Отанымызды дамытудың бұдан басқа жолы жоқ. Бәріміз адал, шыншыл және жауапты да болуымыз қажет», деген еді.