Қазақстанда Tech Girls бағдарламасы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қыз-келіншектердің цифрлық білімін арттыруға арналған Tech Girls бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжеева айтып берді.

Tech Girls
Фото: ortcom.kz

Аталған бағдарлама ұлттық комиссияның, Astana Hub халықаралық технопаркі және Techno Women қауымдастығының бастамасымен жүзеге асып жатыр. 

«Бағдарламаның мақсаты — қыздардың цифрлық білімін арттыру, кодсыз және төмен кодты бағдарламалау негіздерін үйрету және қыздарды STEM-ге тартуға ықпал ету. Сондай-ақ, бағдарлама аясында қыздар мансапты жоспарлау, құру, сұхбаттан өту және өздері армандаған жұмысқа тұру туралы білім алады. Бұл онлайн режимде өтетін тегін бағдарлама және 16 мен 25 жас аралығындағы қыздарға арналған», — деді Әзиза Шөжеева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Екі айға созылатын Tech Girls бағдарламасы елдің барлық аймағынан келген 3000-нан астам қызға no Code, Low Code және Beta Career бағыттары бойынша тегін оқытуды ұсынады. 

Білім беру процесіне вебинарлар, воркшоптар, тікелей эфирлер, Techno Women және Astana Hub сарапшылары мен тәлімгерлерімен сессиялар кіреді.

Оқыту кезінде қатысушылар өздерінің IT өнімін жасауға және жетекші IT компанияларда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.

«Былтыр IT Aiel жобасы сәтті жүзеге асырылған еді. Онда 18 жастан асқан жұмысқа орналаспаған 2675 әйел қатысуға өтінім беріп, No Code School, Freelance School, сондай-ақ негізгі компьютерлік сауаттылық курстарын оқыды. Өтініштердің басым бөлігі Астана қаласынан және Ақмола облысынан, Алматы қаласы және Алматы облысынан, Орал және Батыс Қазақстан облысынан, Атырау және Атырау облысынан түсті. Қатысушылардың орташа жасы 32-де болды. Бағдарлама қорытындысы бойынша мыңнан астам адам оқуды аяқтап, өз жобаларын, ІТ өнімдерін, сайт немесе қосымша құруды растайтын сертификат алды», — деді әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Алина Әбдірахманова.

Биыл да Tech Girls және Tech Aiel жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Мұндай жобалардың негізгі мақсаты — IT дағдыларды беру, қыздарға негізгі немесе қосымша кіріс көзін табуға, ең перспективалы индустриялардың біріне кіруге көмектесу, және кәсіби қоғамдастық қалыптастыру. 

«Былтыр It-Aiel жобасын өткізу тәжірибесі бізге әйелдер үшін бір-бірін қолдап, бизнес-идеялармен, тәжірибе алмасатын ортаның қалыптасуы қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Бұл жобалар Қазақстанда IT-кадрларды даярлауға айтарлықтай үлес қосады, ІТ сияқты перспективалы, барынша инклюзивті және қомақты ақы төленетін салаға қосылатын қыздар мен әйелдер саны артады деп ойлаймыз», — дейді А. Әбдірахманова. 

Қатысуға өтінім 7 ақпаннан 1 наурызға дейін қабылданады.

TechGirls бағдарламасы туралы қосымша ақпарат алу үшін Astana Hub қолдау қызметіне 2222 қысқа нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Соңғы жаңалықтар