Қазақстанда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде мүгедек балалар үшін 0,5 пайыздық қабылдау квотасы белгіленген

Бүгін 2012-2018 жылдарға арналған мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы қарастырылған Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.
Оның атап өтуінше, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 1650 мүгедек бала білім алуда. Қазіргі уақытта кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында даму мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту жеңіл кәсіптер бойынша жүргізіледі.
«Мүгедектерді қолдау мақсатында жоғары оқу орнына қабылдау кезінде мемлекеттік тапсырыстың 1 пайызы көлемінде қабылдау квотасы қарастырылған.
Бұған дейін бұл квота 0,5 пайызды құраған», - деді Б.Жұмағұлов.
Министрдің атап өтуінше, 2012-2013 оқу жылында 273 мүгедекке, оның ішінде квота шегінде 204 адамға білім беру гранты тағайындалды. Сонымен қатар, жоғары оқу орнында білім алатын мүгедектер жоғары стипендия алады.