Қазақстанда теледидар өндірісі жарты жылда үш есеге жуық өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде соңғы жылдарда теледидар өндірісінің өсімі байқалады. Бұл жөнінде Kazinform агенттігі energyprom.kz деректеріне сілтеме жасай отырып, хабарлайды.
2026 жылы қаңтар-маусым айларында отандық кәсіпорындар 112,9 мың теледидар өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2,9 есе көп.
Сонымен қатар, зерттеуде бұл 2015 жылдан бері жылдың алғашқы алты айындағы ең жоғары көрсеткіш екені атап өтілген. Дегенмен, қазіргі өндіріс көлемі өткен онжылдықтың басындағы рекордтық деңгейден әлі де айтарлықтай төмен. Мәселен, 2013 жылы Қазақстанда 580 мыңға жуық теледидар шығарылған болатын.
Рекордтық көрсеткіштен кейін салада құлдырау басталды. 2021–2023 жылдары жыл сайын небәрі 9–12 мың теледидар ғана өндірілді. Бұған импорттық өнімдермен бәсекенің күшеюі, бөлшектер құнының қымбаттауы және бірқатар отандық өндірушілердің жұмысын тоқтатуы себеп болды.
2024 жылдан сала қайта жандана басталды. Сол жылы өндіріс көлемі 4,6 есеге өсіп, 43,5 мың данаға жетті. Ал 2025 жылы өндіріс тағы 3,1 есеге артып, статистика 134,9 мың теледидар болды. Мұндай өсімге Алматыда Xiaomi теледидарларын, ал Қарағанды облысының Саран қаласында Samsung теледидарларын құрастыратын жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы әсер етті.
Сонымен бірге, ішкі нарықтың импортқа тәуелділігі біртіндеп төмендеп келе жатыр. 2026 жылы қаңтар-мамыр айларында отандық өнімнің сұранысты қамтамасыз етудегі үлесі 2,7%-дан 18,2%-ға өсті. Осы кезеңде өндіріс көлемі 3,2 есеге артса, ал импорт 2,5 есеге азайып, 440,1 мың дана болды. Импорттық өнімнің үлесі 97,3%-дан 81,8%-ға дейін қысқарып, 2015 жылдан бергі ең төменгі деңгейге түсті.
Соған қарамастан, Қазақстан нарығында теледидарлардың негізгі бөлігі әлі де импорт есебінен қамтамасыз етіліп жатыр.
Алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша, теледидарлардың экспорты мен реэкспорты 2,7 есеге өсіп, 192,3 мың данаға жетті. Ал ішкі нарықтағы сатылым 3,1 есеге құлдырап, 345,9 мың дана тіркелді.
Отандық өндіріс өркендегенмен, бөлшек саудадағы бағалар өсіп келеді. 2026 жылдың маусым айында теледидар өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда, 37,5%-ға, ал жыл басынан бері 15,8%-ға қымбаттады.
Сарапшылардың пікірінше, бұған Қазақстанда әзірге негізінен теледидарларды құрастыру өндірісі ғана дамып жатқаны әсер етіп отыр. Дисплейлер, процессорлар және жад микросхемалары сияқты негізгі бөлшектер шетелден импортталатындықтан, техника құны әлемдік электрондық компоненттер нарығындағы бағаға, валюта бағамына және логистикалық шығындарға тәуелді болып қала береді. Сонымен қатар, жасанды интеллект индустриясы мен деректер орталықтары тарапынан жад микросхемаларына сұраныстың артуы да бағаның өсуіне қосымша ықпал етіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодардағы дрон өндірісі қалай дамып жатқанын жазғанбыз.