Қазақстанда Telegram-ның бұғатталуына мүдделі емеспіз – Дәурен Абаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда қолданысы кеңейіп келе жатқан Telegram сынды мессенджердің бұғатталуына мүдделі емеспіз. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты.   

Қазақстанда Telegram-ның бұғатталуына мүдделі емеспіз – Дәурен Абаев

«Ең бірінші кезекте, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі сот шешімін орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті. Осыған байланысты тиісті ескертулер жіберілді, соның ішінде Telegram әкімшісіне де. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстанда қолданысы кеңейіп келе жатқан Telegram сынды мессенджердің бұғатталуына мүдделі емеспіз», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, министр Telegram желісінің бұғатталу ықтималдылығына қатысты бұдан бұрын да пікір білдірген болатын.

«Бұғаттау - бұл құқыққа қарсы контенттің таратылуымен күрес жүргізуде мемлекеттің ең соңғы шарасы екенін түсіну керек. Дегенмен, ол мессенджердің әкімшілігі біздің ескертуімізді елемеген жағдайда ғана іске асырылады. Онымен бір мезгілде, Telegram әкімшілігінің тарапы біздің талаптарға түсіністікпен қарап, жекелеген парақшаларды жойып жатқанын қазірдің өзінде көріп отырмыз. Сондықтан, мессенджерді бұғаттау туралы БАҚ-тағы шулы ақпараттар шындықтан алыстау», - деген еді Дәурен Абаев «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Павлодар қаласының тұрғыны министрліктің блогына шағымын жолдап, өзінің Telegram-каналын Қазақстанда экстремистік ұйым ретінде танылған - Қазақстанның демократиялық таңдауы тобына рұқсатсыз қосқанын айтқан болатын.