Қазақстанда теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 12 пайызға өсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» анкционерлік қоғамының сегіз айдағы жүк тасымалының көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12 пайызға өскен. Бұл туралы ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, жыл басынан бері барлық негізгі жүк түрлерін тиеу көлемі 14,4%-ке артса, оның ішінде астық пен ұн өнімдері 17%-ке өскен. Астық пен ұн өнімдері Орталық Азия, Ауғанстан, Ресей, Иранға жөнелтілген. Экспорттық тасымал көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14%-ке өсті.
Оның ішінде Қырғызстан (29%), Қытай (24%) және Ресей (15%) теміржолдарының әлеуетін пайдалану арқылы экспортқа шығарылған жүк көлемі де көбейген.
2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда импорттық бағдардағы жүктер көлемі де 24%-ке өсті. Көршілес елдермен шекаралық Қытай ( 33%), Ресей ( 23%), Өзбекстан (16%) теміржол өткелдері арқылы да жүк тасымалының көлемі артқан.
Сонымен қатар транзиттік тасымал ауқымы да өскендігі байқалды. Негізгі Ченду - Достық - Лодзь бағдарына транзиттік тасымал көбейген.
Биылғы жылдың сегіз айында Қытай- Еуропа- Қытай бағдарында контейнерлік пойыздар саны екі есеге артты. Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға бағытталған транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі 1,5 есеге көбейсе, кері қарай тасымал көлемі екі есеге артқан.
Компания қосымша жүктерді тарту мақсатында Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктерге тарифтік жеңілдіктер жасауда. Оның ішінде қара металл, тыңайтқыш, мақта, қант қызылшасы, кен өнімдері, түсті металл, жеміс-жидек пен мұнай өнімдеріне жеңілдік қарастырылған.
Оның сыртында, өндіріс тиімділігін көтеру, оңтайландыру, көлік кешені қызметін тоқтаусыз жүргізу үшін кешенді шаралар атқарылуда.