Қазақстанда температура режимі сақталмаған 4,5 мың вакцина жойылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде температура режимі сақталмағаны үшін коронавирусқа қарсы 4,5 мың вакцина жарамсыз танылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда температура режимі сақталмаған 4,5 мың вакцина жойылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында бірінші вице-министр елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация басталғаннан бері вакцинаны сақтау, тасымалдау мәселесіне үнемі мониторинг жүргізіліп келе жатқанын айтты.

«Сол мониторингіге сәйкес, осы жылдың ақпан айыннан бастап 4,5 мың вакцинаның температура режимі сақталмағаны анықталды. Ережеге сәйкес, мұндай вакциналар есептен шығарылуы керек. Бұл вакциналарды адамдарға егуге болмайды. Сондықтан олар есептен шығарылды», - деді Марат Шоранов.