Қазақстанда теміржол арқылы экспортқа жүк тасымалдау 7,1%-ға артты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда биылғы тоғыз айда теміржол арқылы экспортқа 69,4 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға көп, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

жүк тасымалы
Фото: Көлік министрлігі

2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында елдегі теміржол жүк тасымалының жалпы көлемі 241,7 млн тоннаға жетті. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 233,7 млн тонна болған. Осылайша, тасымал көлемі 3,4%-ға өскен.

Жалпы көрсеткіштің артуына экспорттық тасымалдың ұлғаюы ықпал еткен. Атап айтқанда, 2025 жылдың тоғыз айында теміржол арқылы шетелге 64,8 млн тонна жүк жөнелтілсе, биыл оның көлемі 69,4 млн тоннаға жетті.

Экспорт өсімі негізінен темір кені, астық, тыңайтқыш, көмір, құрылыс материалдары және басқа да өнімдерді тасымалдау көлемінің артуымен байланысты.

– Темір кенін тасымалдау бойынша айтарлықтай өсім тіркелді. Оның экспорттық тасымалдау көлемі 10,1 млн тоннаны құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,1%-ға артты. Астықтың экспорттық тасымалы 17,6%-ға өсіп, 8,3 млн тоннаны құрады. Негізгі өсім Орталық Азия елдеріне, Ауғанстанға және Қытайға бағытталған тасымалдар бойынша байқалды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар биылғы тоғыз айда теміржол арқылы шетелге 1,2 млн тонна тыңайтқыш жөнелтілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 9%-ға жоғары.

Тыңайтқыш экспортының өсуіне Беларусь, Бразилия, Өзбекстан, Болгария және Ауғанстанға жөнелтілетін өнім көлемінің артуы әсер еткен.

Көмір тасымалында да оң динамика байқалады. Қаңтар–қыркүйек айларында теміржол арқылы экспортқа 25,8 млн тонна көмір шығарылған. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға көп.

Осылайша, теміржол арқылы жүк экспортының өсімі бірнеше негізгі тауар тобы бойынша тіркелген.

Айта кетейік, бұған дейін биылғы алғашқы тоқсанда теміржол арқылы экспорттық жүк тасымалы 2,2%-ға артып, 23,7 млн тоннаға жеткені хабарланған.