Қазақстанда теңіз көлігі саласындағы бірқатар мемлекеттік қызметті алу жеңілдетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ИДМ Көлік комитетінде сауда мақсатында теңізде жүзу саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін оңтайландыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда теңіз көлігі саласындағы бірқатар мемлекеттік қызметті алу жеңілдетіледі

«30 күннен 13 күнге дейін теңізші жеке куәлігін беру тапсырысын қарастыру мерзімі қысқарды. Сонымен қатар қызметті алушыға тұрақты/уақытша тұрғылықты орнын тіркеу туралы анықтаманы беру талабы алынып тасталды», - делінген хабарламада.

Бұйрықтың жобасы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігімен, ҚР  Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілген.

Бұдан бөлек, «Шет мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемелердің каботажды жүзеге асыруына рұқсат алу» қызметі толығымен автоматтандырылған. Ол енді онлайн түрде «Е-Лицензиялау» порталы арқылы көрсетіледі. Қажет құжаттар тізімін және қызметті көрсету мерзімін 20 күнтізбелік күннен 9 жұмыс күніне дейін қысқарту көзделіп отыр.

«Кеме (жасалып жатқан кеме) ипотекасын мемлекеттік тіркеу мемлекеттік қызметін оңтайландыру бойынша жол картасы бекітілді. Қызметті автоматтандырып, ал қажет құжаттар тізімін қысқартып, оны осындай көлік саласындағы қызметтермен қосу жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы көрсететін мемлекеттік қызметтерді іріктеу бойынша ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес теңіз, өзен және шағын көлемді кемелерді тіркеуді мемлекеттік қызметтермен қосу және оңтайландыру мәселесін шешу көзделіп отыр.