Қазақстанда Теңіздегі мұнай-газ операцияларын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды - «KAZENERGY»
![None None](/static/img/plug.webp)
Маусымның 2-сінде Алматыда «KAZENERGY» Кеңесінің мәжілісінде осындай шешім қабылданды.
Жаңа Үйлестіру кеңесіне «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясының бас директоры Пьер Оффан жетекшілік етеді, ал «ҚазМұнайГаз» бас директоры Ермек Марабаев Кеңестің тең төрағасы болды.
ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысы қарсаңында өткен «KAZENERGY» Кеңесінің мәжілісіне қатысушылар кадрлық саясат мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл тақырып бойынша «Теңізшевройл», «Тоталь», «Шелл» халықаралық компанияларының өкілдері сөз сөйледі.
«KAZENERGY» Қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, Үйлестіру кеңесін құру - уақытында жасалып отырған маңызды қадам, себебі ел Үкіметі мен жұртшылық Каспий қайраңындағы жобалардың жүзеге асырылуына жіті назар аударатын болады.
Сондай-ақ, мұнай-газ кешеніне тоқталған Т.Құлыбаев, барлық ірі мұнай-газ кешендерін инновациялар нысандары ретінде қарастыруға болатынын, себебі күкіртті құрамы жоғары, қысымы жоғары ол кешендерде жаңашыл технологиялар пайдаланылып жатқанын атап көрсетті.