Қазақстанда тенниске негізінен демеушілік қаржы есебінен қолдау жасалуда - Болат Өтемұратов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда теннисті дамытуға негізінен демеушілік қаржы есебінен қолдау жасалуда. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов мәлім етті.
«Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонганың матчын өткізу үшін біз демеушілік қаржыны тарттық және бұл бағытта коммерциялық жақсы жобаны жүзеге асырып отырмыз. Жалпы алғанда, федерация тек демеушілік қаржы есебінен жұмыс істеуде. Бұл тұрғыда мен өзімнің де жеке қаржымды жұмсап келемін. Мен үшін оның барлығы еліміздің болашағы мен жастар мен өрендеріміздің денсаулығы үшін әлеуметтік инвестициялар»,-деді Б. Өтемұратов.
Надаль мен Тсонга қазақстандық жас теннисшілерге шеберлік жаттығуларын көрсетеді.
«Біз Қазақстанның барша өңірінен 500 жас теннисшіні шақырттық. Менің ойымша, олардың арасында халықаралық ірі турнирлердің болашақ жеңімпаздары бар және бұл үздіктердің есімін бірнеше жылдан кейін еститін боламыз»,-деп тоқталды федерация басшысы.
Сонымен қатар Б. Өтемұратов Рафаэль Надальмен бұрыннан дос екендіктерін және ол Қазақстанмен бұл спорт түрі бойынша ынтымақтастық қарым-қатынаста болуға дайын екендігін атап өтті.
Айта кетейік, бүгін кешке Ұлттық теннис орталығында әлемдік теннисте танымал ойыншыларының бірі, Үлкен Шлем ойындарының жеке топтық кезеңдерінің 14 дүркін жеңімпазы, Олимпиада чемпионы Рафаэль Надальдің қатысуымен матч өтеді. Осы жолдастық кездесуде оған қарсылас ретінде әлемнің ең мықты ТОП-10-дығына кіретін Жо-Вильфрида Тсонга шығады.