Қазақстанда теннистің дамуы тиісті деңгейде - Рафаэль Надаль (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда теннисті дамытуға негізделген жұмыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Рафаэль Надаль мәлім етті.
«Қазақстанға сапарымды айрықша мүмкіндік деп ойлаймын. Осыған дейін Қазақстан жайында көп естіген болатынмын. Кеше Астананың жаңа орталығымен танысып, қаланың даму қарқынына таңданып отырмын. Сонымен қатар Қазақстанда теннистің дамуы тиісті деңгейде екенін байқадым. Кеше теннис орталығында болғанымда ондағы мүмкіндіктермен таныстым. Осы орайда әлемдегі көптеген клубтар сіздердегі секілді мүмкіндіктерге қол жеткізуге ниетті», -деді Р. Надаль.
Оның пайымынша, Қазақстанда теннисті дамытуға негізделген жұмыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
«Қарсылас ретінде шығып отырған Жо-Вильфрид Тсонгомен тартысқа түсу мен үшін қуаныш. Себебі, ол әлемдегі ең үздік ойыншылардың бірі. Бүгін кешқұрым өтетін кездесуде біз жастар арасында тенниске деген қызығушылықты арттыруға өз септігімізді тигіземіз деген ойдамын»,-деді Р. Надаль.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық теннис орталығында әлемдік теннисте танымал ойыншыларының бірі, Үлкен Шлем ойындарының жеке топтық кезеңдерінің 14 дүркін жеңімпазы, Олимпиада чемпионы Рафаэль Надальдің қатысуымен матч өтеді. Осы жолдастық кездесуде оған қарсылас ретінде әлемнің ең мықты ТОП-10-дығына кіретін Жо-Вильфрида Тсонга шығады.