Қазақстанда терминдердің электронды қоры құрылады

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директоры лауазымын атқарушы Қонысбай Әбіл мәлім етті.
«Терминология саласы - ғылымның маңызды бөлігі. Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қазақстандықтардың тіл мәдениетін қалыптастыру көзделген. Қолға алынатын шаралардың ішінде қазақ терминологиясын жүйеге келтіру, терминдерді қазақ тілінің айтылу және жазылу заңдылықтарына сай терминдерді, жаңа сөздер мен атауларды біріздендіру өте маңызды рөл атқарады. Бұл жұмыс әлемдік тәжірибені, туыс тілдердің моделін, халықаралық терминдерді қолдана отырып жасалуы тиіс. Сонымен қатар жаңадан бекітілген терминдердің БАҚ-та жариялану жиілігіне мониторинг өткізіліп тұрғаны абзал», - дейді Қ. Әбіл.
Оның сөзіне қарағанда, бағдарламаға сәйкес 2014 жылы қазақ тілінің реттелген терминологиялық қорының үлесі 20%-ға, 2017 жылға қарай - 60%-ға, ал 2020 жылға қарай - 100%-ға жеткізу міндеті алға қойылған.
«Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін орталық терминдердің электрондық қорын құру бойынша ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жасауда. Порталдың негізгі мақсаты - тілтанушы ғалымдарға бірлесіп жұмыс жасауға арналған платформа құру, сонымен қатар ізденушілерге қазақ терминологиялық қорындағы терминдердің аудармасы мен этимологиясына қол жетімділігін арттыру», - деп атап өтті Қ. Әбіл.