Қазақстанда тіркелген 622 босқынның 99 пайызы Ауғанстан азаматтары - Г. Әбдіхалықова
АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда бүгінгі күні тіркелген босқындар саны 622 адамды құраса, оның 99 пайызы Ауғанстан азаматтары болып табылады. ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Босқындар туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара әбдіхалықова осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылғы қазанның 1-дегі мәлімет бойынша Қазақстанда тіркелген босқындар саны 622 адамды құрап отыр. Босқын мәртебесін алғандардың басым бөлігі, нақтылап айтқанда 99 пайызы Ауғанстаннан келген азаматтар. Ұлттық құрамы бойынша бөлінісіне келетін болсақ, олардың 54 пайызын немесе 338 адамды - тәжіктер мен пүштіндар құрайды. Ал қалғаны - хазарлар мен өзбектер және басқа ұлт өкілдері», деді Г. Әбдіхалықова. Министрдің айтуынша, босқындардың ішінде еңбекке қабілетті жастағылары 402 адамды (64 пайыз) құрайды. 211 адам 16 жасқа дейінгі балалар болса, 9 адам - зейнет жасындағы кісілер.