Қазақстанда төлем карточкаларының саны 30 миллионнан асты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде төлем карточкаларын пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз жасалатын операциялар көлемі екі есе өсті. Бұл жөнінде Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазақстанда төлем карточкаларының саны 30 миллионнан асты

Соңғы жылдары айналыстағы төлем карточкаларының саны және тиісінше қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі жоғары қарқынмен өсуде. 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, эмиссияланған және таратылған төлем карточкаларының саны - 30,6 млн болды, бұл 2019 жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 43%-ға артық.

«2019 жылғы 9 айда өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда төлем карточкаларын пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлем және ақша аударымдарының жалпы көлемі екі еседен аса ұлғайып, 8,9 трлн теңгені құрады», - деп хабарлады Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Қолма-қол ақшасыз транзакциялардың негізгі үлесі банктердің онлайн сервистері арқылы жүргізілді. Бүгінгі күні онлайн сервистерде 18 млн жуық пайдаланушы тіркелді, оның ішінде 34%-ы операцияларды тұрақты түрде жүргізеді.

Күн сайын онлайн сервистер арқылы 21 млрд теңгеден астам сомаға 1,3 млн астам операция жүргізіледі.