15:55, 19 Қазан 2016 | GMT +5
Қазақстанда төтенше жағдайларға арналған SMS-жәрдем нөмірі іске қосылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда табиғи апаттар кезінде зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуге арналған қысқа SMS-жәрдем нөмірі іске қосылды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Аталған жобаны «Кселл» компаниясы «Қызыл жарты ай» ұйымымен бірлесіп жүзеге асыруда.
Енді «Кселл» және «Актив» абоненттері зардап шеккендерге 9777 нөмірі арқылы кез келген мәтіндегі хабарлама жібере алады. Бір SMS құны: 200 теңге.
Жиналған жәрдем «Қызыл жарты ай» ұйымының бақылуында болады.
«Бізге көп жағдайда, әсіресе, Қарағандыдағы су жайылу, Алматыдағы сел көшкіні оқиғалары кезінде адамдар келіп, зардап шеккендерге қалай қол ұшын созуға болатынын сұрады. Енді жәрдемдесу жеңіл болды. Бұдан былай қазақстандықтар отандастарына жәрдемдесу үшін кез келген уақытта хабарлама жолдап, көмектесе алады», - деді «Қызыл жарты ай Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің бас директоры Елена Ким.