Қазақстанда трактор өндірісі үш есеге өссе де, қажеттіліктің 90 пайызын импорт жауып отыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда трактор өндірісі үш есеге өскен. Десе де, елге қажетті тракторлардың 90 пайызын импорттық техника жауып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Energyprom ақпарат көзіне сілтеме жасап.
«Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында ауыл және орман шаруашылығына қажетті трактор өндірісі 3,3 пайызға өсіп, 215 данаға жеткен. Салыстыра кетейік: бір жыл елде тек 65 дана трактор өндірілген еді. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың көрсеткішіне қарағанда 52 пайызға аз», - делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығына қолданылатын трактордың көбі ШҚО-да шығарылып жатыр. Семейдегі «СемАз» ЖШС зауыты елдегі тракторлардың төрттен үш бөлігін өндіруде. Ал қалған 25 пайызы Қостанай облысындағы «АгромашХолдинг KZ» АҚ-на тиесілі.
«АгромашХолдинг KZ» АҚ - қазіргі уақытта ESSIL маркалы астық жинайтын комбайнды және кең ассортиментте қосалқы бөлшектерді шығаратын Қазақстандағы бірден-бір өндірістік кәсіпорын екенін атап өту керек. Сондай-ақ, компания «Гомсельмаш» компаниясының Қазақстан аумағындағы бірден-бір дистрибьюторы саналады.
«Агромашхолдинг KZ» АҚ осы жылдың мамыр айында Lovol компаниясындағы қытайлық әріптестерімен Қостанайда трактор өндіру бойынша цех ашты. «Агромашхолдинг KZ» АҚ директорының бірінші орынбасары Динара Шүкежанова мәлім еткендей, жобаның құны - 1,6 млрд теңге. Жылына мұнда 3 мың трактор шығару жоспарланған.
«Трактордың бағасы бұл жерде 2,5-14 млн теңге аралығында болады. Біз өндірістік құрау жұмысы бойынша келісімге келдік. Ол жұмыс аясында жыл сайын белгілі бір шектеу деңгейіне жете білуіміз керек. Өндіріс 5-6 жыл бойы іске қосылып тұрса, зауытта кабиналар құрастырылып, толық бояу, дәнекерлеу жұмысы ретке келтіріледі. Бүгінге дейін 100 трактор өндіріліп, оның 60-ы «Қазагроқаржы» арқылы сатылып кетті. Келесі жылы Ресейге, Тәжікстан мен Өзбекстанға тракторларды экспорттауды көздеп отырмыз», - дейді Динаша Шүкежанова.
Еске сала кетсек, өткен жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша елімізде 1440 трактор сатылып, төртеуі ғана экспортқа шығарылған болатын. Өндіріс мөлшері үш есеге артқанымен, негізгі үлес, яғни 90,6 пайыз - бәрібір импорттық техникаларда қалып отыр.
Фото: finance.tut.by