Қазақстанда трамвайлардың болашағы бар ма
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Ел бойынша Өскемен, Павлодар мен Теміртауда ғана трамвай жүреді. Алматыдағы трамвай паркі 2015 жылы жабылып қалған. Қалған шаһарларда да рельсті көліктің болашағы бұлыңғыр ма, әлде керісінше даму жолына түсе ме? Kazinform осы сауалдың жауабын іздеп көрді.

Өскемен
Бүгінде Өскеменде 23 трамвай бар. Оның ішінде 12-і ғана жүріп тұр. Жалпы қаладағы рельсті көліктің 90 пайызы тозған. Көбінің «жасы» 40-тан асып кеткен. Тек 4 трамвай ғана жаңа. Олар 2023 жылы Белорусь елінен сатып алынған.
— Ең кәрі трамвайдың жүріп жүргеніне — 47 жыл болды. Ол қала бойынша барлығы 2 млн шақырым жүріп өткен. Негізінен норматив бойынша жаңа трамвай 15 жыл, егер күрделі жөндеу жүргізілсе 22 жыл қолданыста болуы тиіс. Немесе 1,1 млн шақырым. Яғни, осынша шақырымды еңсергеннен кейін ол істен шығарылуы қажет. Алайда бізде басқа трамвайлар жоқ болғандықтан амалсыз ескілерін кәдеге жаратуға мәжбүрміз, — дейді «Өскемен көлік компаниясы» ЖШС-ның басшысы Михаил Чайка.

Тарихқа үңілсек, Өскеменде трамвай 1959 жылы 6 қарашада қатынай бастады. 1998 жылы трамвай паркі жеке меншікке өткен.
Алайда сол уақыттан бері еш жаңармай, әбден тозып, қарызға да белшеден батып кетті. 2018 жылы рельсті көліктер қайтадан коммуналдық балансқа алынды.
— Сол кезде компанияның берешегі жалақы бойынша 60 млн теңге, банк алдында 437 млн теңге, коммуналдық қызметтерге 100 млн теңгеден асқан. Мемлекетке қайтарылғаннан кейін барлық қарыз жабылды. Сөйтіп, 3 ай тоқтап қалған трамвайлар қайта қатынай бастады. Қордаланып қалған түйткілді мәселелердің түйінін бірден тарқату мүмкін емес. Сондықтан оңалту кезеңінде Алматыдан (Бұл қалада трамвай паркі 2015 жылы жабылған) трамвайлар алу туралы шешім қабылданды. 2018 жылы ол жақтан 13 ескі трамвай 118 млн теңгеге сатып алынды, — дейді Михаил Чайка.

Үш бағыт бойынша қатынайтын трамвайлар күн сайын 9 мыңға жуық адамды тасымалдайды. Десе де жолаушылар саны жыл өткен сайын азайып барады.
Нақты айтқанда, 2017 жылы 508 000 адам трамвайға отырса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге азайған.
Өскемендегі тоқпен жүретін қоғамдық көліктердің барлығы «кедергісіз орта» талаптарына сай келмейді. Яғни, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаған. Сол үшін жыл сайын ЖШС-ға 222 млн теңге шамасында айыппұл салынып отыр.
Сондықтан трамвайларды жаңартпай мәселе шешілмейді. Рельстердің де жағдайы мүшкіл. Қала бойынша трамвай жолдарының 75%-ы тозып тұр.

— 2025 жылы Беларусь немесе Ресейден 3 трамвай сатып алмақпыз. Алдағы үш жылда трамвайларды 100% жаңарту жоспарланған. Рельстер де жөнделеді. Осы мақсаттағы жобаның жалпы құны — 1,6 млрд теңге. Биыл көше қиылыстары мен саябақтан шығатын жолдар жөнделмек, — дейді серіктестік басшысы.

Трамвайда жол ақысы — 90 теңге. Электронды билеттеу жүйесі енгізілген. Кондукторлар жоқ. Жолаушылардың билеттерін бақылаушылар тексеріп отырады. Барлығы 10 бақылаушы бар.
Жалақыға қатысты айтар болсақ, жүргізушілер айына 300 000 теңге алады. Екі күн жұмыс істеп, екі күн тынығады.
Бір ауысым 12 сағатқа созылады. Ал бақылаушылардың еңбекақысы — 150 мың теңге, жұмыс кестесі — 5/2.

Павлодар
Өскеменге қарағанда Павлодарда рельсті көліктің келешегі зор секілді. Олай дейтініміз, облыс билігі мен Павлодар трамвай паркі экологиялық жағынан тиімді көлікті дамытудың жолдарын іздестіріп жатыр.
Ең әуелгі мақсат — парктегі ескірген вагондардың орнына жаңаларын сатып алу. Қазіргі уақытта мекемеде 111 трамвай вагоны бар болса, күн сайын 73 трамвай желіге шығады. Ал вагондардың тозу көрсеткіші — шамамен 73 пайыз.
Жолақы — банктік қосымша арқылы төлесеңіз — 100 теңге, қолма-қол ақша берсеңіз — 200 теңге.

1965 жылдан бері қатынап келе жатқан рельсті көлік шаһар рәмізінің біріне айналып та үлгерген. Алдағы уақытта шеткері шағын аудандарға да автономды трамвайлар жүре бастайды деп күтіліп отыр.
Бұл үшін Еуропа қайта құру және даму банкі жаңа трамвайлар сатып алуға 5 млрд теңге қаражат бөлетін болды. Жаңа вагондар автономды, яғни аккумулятордың көмегімен жүру мүмкіндігіне ие.
— Бір трамвайдың құны шамамен 338-447 млн теңге аралығында болады. Техникалық сипаттамалар бойынша вагонның ұзындығы — 17 метр, сыйымдылығы 124 адамға шақталған, ал есік саны үшеу болуы керек. Павлодар трамвай паркіндегі трамвайлардың көбінде төмен деңгейлі еден қарастырылмаған. Салдарынан мүмкіндігі шектеулі адамдар мен қариялардың түсіп-мінуіне қолайсыз. Бұл жағдай жаңа вагондарда ескеріледі. Бұған қоса онда пандуспен жабдықталған есік те болады, — деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінен.
Теміртау
Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында трамвай алғаш рет 1959 жылы 5 қыркүйекте релське шыққан.
Әуелі көбейе түскен трамвай бағыттары жыл өткен сайын, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейін азая берді. Ал 2023 жылы 14 ақпанда Qarmet АҚ көлік басқармасына қарасты трамвай желісі өз жұмысын толықтай тоқтатты.

Сол кездегі қала тұрғындарының Президентке трамвай қозғалысын қалпына келтіру туралы өтінішінен соң 2024 жылдың сәуір айында Qarmet компаниясы рельстерді ауыстыру жұмыстарына кірісіп, 2 қазанда трамвай сынақ режимінде іске қосылып көрді.
Қаладағы рельсті көліктің қазіргі жағдайын білу үшін аталмыш компанияға хабарласып көрдік.
— Бүгінде депода 7 трамвай бар. Оның 5-і әзір, қалған екі вагонды іске қосуға дайындалуда. Жуықта тағы 1 вагон жеткізілуі тиіс. Сонда барлығы 8 трамвай болады. Трамвайлар көркемдік дизайнмен, жеке стильде жасалған. Сол арқылы Теміртау қаласының атмосферасы, кеншілер мен металлургтер бейнесі көрсетіледі, — деп хабарлады Qarmet АҚ баспасөз қызметінен.
2024 жылдың сәуір-қыркүйек айлары аралығында 30 шақырым рельске күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Трамвай қозғалысын қамтамасыз ететін электрлі сымдар, кергілер, ілгіштер толықтай ауыстырылған.

— 8-шағынауданнан Республика даңғылы бойымен металлургиялық зауытқа дейін жүретін трамвайларға Onay жүйесі енгізілді. Компания жұмысшыларына жол жүру — тегін. Ал халыққа қанша теңге болатыны әлі нақты шешілген жоқ, — делінген ресми жауапта.
Артықшылықтар пен кемшіліктер
«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, трамвайдың өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар.
Осы туралы Өскеменде трамвай жүргізушілерін оқытатын политехникалық колледж мұғалімі Сәбит Юсуповтан сұрап көрдік.
Кез келген қала үшін бұл ең алдымен экологиялық таза көлік түрі. Адамды да көп тасиды, экономикалық тұрғыда да тиімділігі жоғары. Жолаушы тасымалдағанда трамвайдың өзіндік құны автобусқа қарағанда арзанға шығады. Оның үстіне трамвайдың қызмет ету мерзімі автобусқа қарағанда екі есе ұзаққа созылады. Жол жүру ыңғайлы әрі қауіпсіз. Себебі трамвайдың апатқа ұшырау ықтималдығы өте төмен, — дейді ол.

Кемшілігі — маневр жасау мүмкіншілігі жоқ. Егер бір трамвай жол үстінде бұзылып қалса онда қозғалыс тоқтайды.
— Трамвайларды сөзсіз сақтап қалу қажет. Барлық өнеркәсіптік қалаларда трамвай қатынасы жақсы дамыған. Тіпті қазір ТМД елдерінде, Еуропада трамвай тасымалын көбейту бастамалары көтеріліп жатыр, — дейді Сәбит Юсупов.
Осы ретте экологтың да пікірін біле кетуді жөн көрдік.
— Трамвай — көліктердің азаюына себепкер болып, халықтың барар жеріне кептелісте тұрмай жетуіне мүмкіндік жасайды. Өскеменде экологиялық жағынан тиімді көлікті дамыта түсіп, жаңа бағыттар ашу керек. Әсіресе халық көп тұратын Жібек маталар комбинаты ықшам ауданына трамвай жүрсе деймін. Әйтпесе бізде көлік қозғалысын ғана дамытуда. Жолдарды кеңейтіп, оң жақ бұрылыстар жасап жатыр. Ал қоғамдық көліктер мен жаяу жүргіншілерге ешқандай жағдай жасалмаула. Амалы құрыған халық көлік сатып алуға мәжбүр, — дейді Дәулет Асанов.

Оның айтуынша, халықаралық үрдіс бойынша адамдарды жеке көліктен гөрі қоғамдық көліктерге отырғызуға басымдық берілген.
— Сонда ауаның ластану деңгейі төмендеп, автобустар мен трамвайлардың сапасы артады. Себебі жолаушы көбейген сайын олардың жағдайы да оңала түседі. Өкінішке қарай, бізде трамвай паркінің жұмысы сылбыр. Жеке меншіктен коммуналдық балансқа өткенімен әлі күнге дейін тым баяу жаңарып, Алматыдан әкелінген ескі трамвайларды іске қосып отыр. Сондықтан трамвай қатынасын дамыта түсу үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет, — дейді эколог.
Қорыта айтқанда, трамвайлардың зиянынан пайдасы басым. Сондықтан бұл көлік түрінің тамырын кеспей, керісінше бойына қан жүгірту қажет секілді. Әсіресе күн өткен сайын көлік кептелісі көбейіп келе жатқан қалаларда тұратындарға сол ыңғайлы.
