Қазақстанда трансплантология орталығы құрылатын болады - А. Байгенжин
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда трансплантология орталығы құрылатын болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовтің төрағалығымен өткен министрлік жанындағы Пациенттердің құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ бас директоры Абай Байгенжин мәлім етті.
«Біз осы ұсынысты жасаған едік, қажетті құжаттар да жинақталды. Ендігі күні Ұлттық ғылыми медициналық орталық базасында клиника құрылысына жер бөлініп, тиісті құжаттар алынды», - дейді А. Байгенжин. Оның айтуынша, Орталықта негізінен трансплантацияның Ұлттық бюросы құрылуы шарт. Бұдан бөлек, арнайы зертхана ашу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту қажет етіледі. Дәрі-дәрмектік қамтамасыз ету мәселелері де шешімін табуы тиіс.
«Заңнамалық базаны қамтамсыз ету жайы да өзекті. Бұл ретте ең алдымен заңнамада дәрігерлердің заңдық қорғанысына бағытталған өзгерістер енгізілгені ләзім. Жұртшылық арасында ағзалы донорлыққа қатысты жағымсыз пікірді сейілту үшін насихаттық жұмыс жүргізілуі керек», - деді А. Байгенжин.